«Қазақстан тек жақын көрші ғана емес, Қырғызстанның негізгі стратегиялық серіктесі», — деді Қырғызстан басшысы Садыр Жапаров ҚР Президентімен өткен бүгінгі кездесуінде .
Қырғызстан Республикасы делегациясының атынан Жапаров қазақстандық тарапқа жылы қабылдағаны үшін ризашылығын білдірді. Ол мемлекет басшысы болып сайланғаннан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқылардың бірі болып құттықтағанын атап өтіп, бауырлас қазақ халқының қолдауы Қырғызстан үшін өте маңызды екенін баса айтты.
Ол халықтардың сан ғасырлық бойы жалғасып келе жатқан береке-бірлігі одан әрі нығая беретініне сенім білдіріп, сындарлы диалогты жалғастыруға дайын екендігін атап өтті.
Садыр Жапаров Қырғызстан одан әрі де екі халықтың игілігі үшін Қазақстанмен көп жоспарлы ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған сыртқы саясатты белсенді жүргізетінін атап өтті.
Ол коронавирустық инфекция пандемиясы кезінде екі ел арасында Қырғызстан азаматтарына көмек көрсету мәселелерінде — бірінші кезекте оларды басқа елден Отанына қайтаруда сындарлы ынтымақтастықтың оң тәжірибесі қалыптасқанын айтты.
Президент Садыр Жапаров бүгінгі келіссөздер екі елдің мемлекетаралық қарым-қатынастарын жаңа сапалы даму сатысына көтеретініне, ал Қырғызстан-Қазақстан стратегиялық және одақтастық қарым-қатынастары одан әрі тереңдей түсетініне және кеңейетініне сенім білдірді.