Украина астығы елден шығарылмаудың салдарынан 50 елде аштық болады деп болжануда

БҰҰ Украина астығы экспортталмаса салдары қандай болатынын айтып берді. Ұйым мамандарының пікірінше, азық-түлік апаты әлемге қауіп төндіреді. Әлемде 218 млн адам аштыққа тап болады. Бұл Украинадағы дағдарысқа байланысты, порттарда тонна-тонна астық пен жүгері бұғатталып тұр.

Украинадағы қарулы қақтығыстың салдарынан порттарда тұрған алты миллион тоннаға жуық астық пен 14 миллион тоннаға жуық жүгері дүниежүзілік аштыққа әкеп соғуы мүмкін. БҰҰ азық-түлік және ауыл шаруашылық ұйымының вице-директоры Маурицио Мартина осылай деп есептейді.

«Дағдарысқа дейін әлемде аштыққа тап болғандар саны артқан, 2021 жылы 53 елде 200 млн адамға жетті. Қазіргі қақтығыс аштық қаупін одан әрі ушықтырады, біздің алғашқы бағалауымызша, аштыққа тап болатындар саны тағы да 18 млн-ға өсуі мүмкін», — деді Мартина Corriere della Sera-ға берген сұхбатында.

Вице-директордың айтуынша, Украина порттарында алты миллион тонна астық пен 14 млн тонна жүгері тұр. БҰҰ шенеуніктері астықты жүк көлігімен Румынияға экспорттауды ұйымдастыруға тырысуда, кейін Дунай арқылы шығарылатын болады. Алайда астық көлемін теңіз арқылы экспортталатын астықпен салыстыруға келмейді.

БҰҰ-ның Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының директоры Дэвид Бизлидің есептеуінше, Украинадағы дағдарыс салдарынан аштыққа тап болатын адамдар саны 276 млн-нан 323 млн-ға дейін өседі. Батыс елдері Ресейді азық-түлік дағдарысына кінәлап отыр, себебі ресейліктер Украина астығын теңіз жолымен шығаруға бөгет қойды Бірақ Ресей билігі өздеріне тағылған барлық айыпты жоққа шығаруда: олардың болжамынша, азық-түлік дағдарысы мүлдем басқа себептерден туындады, оның ішінде Батыс елдері мен Украина билігінің әрекеттерінен туындап отыр.

Добавить комментарий