Nokia ресейлік нарықтан кететінін мәлімдеді

Компания соңғы бірнеше аптада жеткізілімдерді тоқтатты.

Фин телекоммуникациялық техника өндірушісі Nokia Ресей нарығынан шығатынын жариялады. Бұл туралы компанияның ресми сайтында хабарланды.

«Ресей әскери Украинаға баса-көктеп кірген күннен бастап Nokia ел аумағында қалмайтыны анық болды. Соңғы апталарда жеткізілімді тоқтата тұрдық, жаңа бизнесті тоқтатып, шектелген ғылыми-зерттеу қызметімізді Ресейден тыс жерлерге көшіріп жатырмыз», — делінген хабарламада.

«Гуманитарлық себептерге байланысты» батыс елдерінің үкіметтері Ресейдегі маңызды телекоммуникациялық желілік инфрақұрылымның істен шығу қаупіне алаңдаушылық білдіруде.

Бұл ретте компания нарықтан шыққаннан кейін желілерге қызмет көрсету үшін қажетті қолдауды қамтамасыз етуге ұмтылатынын және қолданыстағы санкцияларға сәйкес осы қолдауды қамтамасыз ету үшін тиісті лицензиялар алуға өтінім беретінін хабарлады.

2021 жылы Nokia-ның таза сатылымынан Ресейдің үлесі 2%-дан кем болған.

Добавить комментарий