Қазақстан президентінің жиені Мұхамед Ізбастин «Қазақстан халқына» қайырымдылық қорына 100 млн теңге аударды.
Бұл туралы қордың баспасөз қызметі хабарлады.
«20-25 қаңтар аралығында «Қазақстан халқына» қорына қайырымдылыққа қомақты үлес қосты: Ізбастин Мұхамед Теміртайұлы — 100 млн теңге», — делінген сәрсенбіде таратылған хабарламада.
Қор хабарлағандай, 16-25 қаңтар аралығында «Қазақстан халқына» қорына 65 703 қазақстандықтан 39,1 млн теңге, 130 заңды тұлға мен ірі бизнесмендерден 42,1 млрд теңге түсті.
Еске сала кетейік, 14 қаңтарда Тоқаевтың тағы бір жиені Қаныш Ізбастин қоғамдық қызмет үшін «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі «АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары қызметінен кетіп қалғаны хабарланған болатын.