Пайдаланушылардың деректерін бергені үшін Facebook-ке айыппұл салынды.

Оңтүстік Кореяның Дербес деректерді қорғау жөніндегі комиссиясы Facebook компаниясына жеке деректерді пайдаланушылардың келісімінсіз бергені үшін 6 миллион доллар (шамамен 2 миллиард теңге) айыппұл салды.

Комиссия Facebook-тың 3,3 миллион кореялықтың мәліметтерін 2012 жылдың мамырынан 2018 жылдың маусымына дейін бөгде компанияларға ұсынғанын мәлімдеді. Комиссия өкілдерінің айтуынша, пайдаланушылар Facebook-тегі тіркелу арқылы бөгде ресурстарға тіркелгенде, олардың жеке ақпараттары басқа компанияларға жіберілген. Атап айтқанда, әлеуметтік желі басқа компанияларға пайдаланушылардың есімдерін, олардың мекен-жайларын, туған күндерін, жұмыс тәжірибесі мен қарым-қатынас мәртебесін жіберді.

Комиссия Оңтүстік Кореядағы әлеуметтік желінің жұмысына жауапты Facebook Ireland-тің үстінен прокуратураға шағым түсірмекші. Компанияның атқарушы директорына айыппұл салынуы және бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

«Біз тергеу барысында барынша ынтымақтасамыз және Дербес деректерді қорғау жөніндегі комиссияның қылмыстық іс қозғауды талап еткеніне өкінеміз», — деді Сеул қаласындағы Facebook-тың өкілі.

Үшінші тарап компанияларына берілген ақпараттың нақты көлемі әлі белгісіз, себебі Facebook әлі тиісті құжаттама ұсынған жоқ

Бұған дейін жеке деректердің құпиялылығы бұзылғанына байланысты Facebook АҚШ тұрғындарына 550 миллион доллар төлеген, ал сот компаниядан 5 миллиард доллар өндіріп алған.

Добавить комментарий