Нұр-Сұлтанда ауған соғысының ардагерлері мен бітімгерлер құрылтай өткізіп, онда «Парыз» қоғамдық бірлестігін құру туралы шешім қабылдады.
Оны Ауған соғысының ардагері, отставкадағы полковник Ербол Смағұлов басқарады.
Бұл ұйымды құру туралы бастамасын басқа мемлекеттер аумағында, атап айтқанда Ауғанстан, Тәжікстан, Таулы Қарабақ және басқа елдердегі соғыс қимылдарына қатысқан өңірлік белсенділер, сондай-ақ бітімгершілік миссияларға қатысушылар қолдады. Құрылтайшылар отставкадағы әскери ұрыс қимылдарының ардагерлері генерал-майор У.Еламанов, полковниктер К.Ілиясов, К.Қангелдиев, А.Қожабергенов, А.Хасанғалиев, В.Ильгнер болды.
Онлайн-режимде отырысқа Алматы қаласы, Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан облыстарының және еліміздің басқа да өңірлерінің соғыс қимылдарының ардагерлері қатысты.
«Парыз» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Е. Қ. Смағұлов атап өткендей, жаңа ұйымның негізгі міндеттері жауынгерлік іс-қимыл ардагерлеріне әлеуметтік қолдау көрсету және жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру болып табылады. Сонымен қатар, республикалық қоғамдық бірлестік еліміздің барлық күш құрылымдарының соғыс ардагерлерін біріктіруге бағытталған.
Ұйымның негізгі мақсаты соғыс ардагерлерінің нақты мәселелерін шешу бойынша күнделікті жұмыс жүргізу болып табылады. Құрылтай жиналысының қорытындысы бойынша материалдар басқа мемлекеттердің аумағында «Парыз» жауынгерлік іс-қимыл ардагерлерінің қоғамдық бірлестігін тіркеу үшін Әділет министрлігіне жолданды.