Қазақстан Президенті су тасқынынан зардап шеккен азаматтармен кездесіп, Арыс қаласына барды

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысына жұмыс сапары кезінде Сардоба су қоймасындағы бөгеттен зардап шеккендерге арналған жаңа шағын аудан салынатын Мырзакент кентінде болды.

«Су тасқыны салдарынан төрт мыңнан астам адам зардап шекті, 500-ден астам үй толығымен қирады. Үйінен айырылған Жеңіс, Жаңатұрмыс, Достық ауылдарының тұрғындары үшін Мырзакентте жаңа шағын аудан бой көтерді. Отбасының әрбір мүшесіне 100 мың теңге бөлінді. Өргебас, Фирдауси ауылдарын қалпына келтіру бойынша құрылыс жұмыстары жалғасуда. Бұл елді мекендерде үйлері қираған тұрғындарға 17 млн теңгеден бөлінді «, — делінген хабарламада.

Жергілікті тұрғындармен кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет бюджеттен ауданды қалпына келтіру үшін жедел қаржы бөлгенін атап өтті. Ол сондай-ақ осындай сын сәтте бүкіл халқымыздың ынтымақ пен ұйымшылдық танытқанын атап өтті.

«Жаңа шағын аудан салынуда. Зардап шеккен бірде-бір адам далада қалған жоқ. Әрбір тұрғынның қажеттілігі ескерілді. Бұл жерге барлық мұқтаж адамдар көшеді. Көп ұзамай бәрінің өз үйлері болады. Ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Жұмыла көтерген жүк жеңіл. Мұнда кәсіпкерлер, құрылысшылар, дәрігерлер, қарапайым азаматтар, көптеген еріктілер белсенді жұмыс істеді. Баршаңызға шын жүректен алғысымды білдіремін «, — деді Мемлекет басшысы.

Президент аудандағы жағдайды мұқият қадағалап отырғанын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтің Өзбекстан Республикасымен бірлесіп су тасқынының зардаптарын жою және келешекте осындай төтенше жағдайларға жол бермеу шаралары туралы есебін тыңдады.

Президент 2019 жылы бірқатар жарылыстар болған, Арыс қаласындағы № 44859 әскери бөлімінде болды. Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Мемлекет басшысына оқ-дәрілерді кәдеге жарату және қоймадан шығару жұмыстары туралы баяндады.

Қасым-Жомарт Тоқаев полигон мен әскери бөлмнің ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі маңызды рөл атқаратын атап өтті.

«Қорғаныс министрі маған оқ-дәрілер қауіпсіз қоймаларда сақталатынын және халыққа қауіп төндірмейтінін баяндады. Біз мұндай жағдайдың қайталануына жол бермеуіміз керек. Бұл өте маңызды мәселе, ол менің жеке бақылауымда болады «, — деді Президент.

Ол Үкіметке оқ-дәрілерді қауіпсіз сақтау үшін заманауи қоймалар құру жөнінде қажетті шаралар қабылдауды тапсырды. Мемлекет басшысы мұндай базаларды елді мекендерден алыс тұрғызу керектігін, сондай-ақ ескірген қару-жарақты кәдеге жарату қажеттігін атап өтті.

«Әскери-көлік авиациясын, радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс күштерін, инженерлік әскерлерді, әскери медицинаны дамыту қорғаныс министрлігі жұмысының басым бағыттарының бірі болуы тиіс», — деп мәлімдеді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өткен жылғы жарылыстан кейін Арыс қаласы толығымен қалпына келтірілді. Әскери қызметшілер 450 мыңнан астам оқ-дәрі мен жарылғыш заттарды залалсыздандырды.

Добавить комментарий