Елордада бір тәулік ішінде 100-ден астам жол апаты тіркелді

Нұр-Сұлтан полиция департаменті елордада бір тәулік ішінде 114 апат болғанын хабарлады. Жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерден жолда өте мұқият болуды сұрайды.

Қатты жауын-шашынға байланысты Полиция департаментінің патрульдік көліктердің сүйемелдеуімен коммуналдық қызметтер көшелерді тазалау жұмыстарын жүзеге асыратын арнайы техниканың барынша көп санын жұмылдырды.

Елордада өткен тәулікте 114 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, бір адам зардап шекті.

«Жүргізушілерді өте мұқият болуды, белгіленген жылдамдық режимін қатаң сақтауды, күрт тежеуге жүгінбеуді, қашықтық пен бүйірлік аралықты сақтауды, сондай — ақ патрульдік полиция қызметкерлерінің талаптарын орындауды, көлікті жолдың жүру бөлігінде қалдырмауды және тазартатын техникаға кедергі жасамауды сұраймыз»,-дейді Нұр-Сұлтан қаласы ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Елжан Чупеков.

Механикаландырылған жинауға кедергі келтіретін көше бойында автокөліктерді қою фактілері бойынша жүргізушілерге қатысты әкімшілік шаралар қолданылатын болады, сондай-ақ көлік құралдары эвакуацияланатын болады.

Ауа-райы жағдайын ескере отырып, полиция қызметкерлері қызмет өткеру кезінде балалар мен қарт жаяу жүргіншілерге жол бойында көмек көрсетеді.

Добавить комментарий