Оралда жантүршігерлік жол апатынан бірнеше адам жарақат алып, бір адам қайтыс болды. Алдын ала тергеу қорытындысы бойынша, жол апатына мас күйде көлік тізгіндеген полиция қызметкері кінәлі.
Қайғылы оқиға 1 желтоқсанда сағат 19:15-те Орал-Тасқала тасжолының 46-шақырымында болған.
БҚО полиция департаменті бастығының орынбасары Нұрлан Рамазановтың айтуынша, жол апаты Теректі аудандық полиция бөлімшесі бастығының орынбасарының қатысуымен болған.
Жол апаты салдарынан бір адам қаза тауып, екі адам әр түрлі жарақат алды.
«Бұл шектен шыққан оқиға, біз полиция қызметкерінің кесірінен марқұм болған адамның туған-туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтамыз. Қазіргі уақытта қызметтік тергеу шаралары жүргізілуде. Басшыларға қатысты тәртіптік сипаттағы шара қолданылады, ал ЖКО жасаған қызметкер ішкі істер органдарынан қуылады. Ол жазадан оңай құтылмайды. ҚР ҚІЖК 201-бабына сәйкес оқиғаның мән-жайын жариялауға болмайды», — деді БҚО полиция департаменті бастығының орынбасары Нұрлан Рамазанов.
Сондай-ақ, Рамазанов Hyundai Accent пен LADA Largus бетпе-бет соқтығысқанын атап өтті. Алайда қарсы жолаққа кім шығып кеткені әзірге белгісіз.
«Полиция қызметкері ішкі істер органдарында 20 жылдан астам жұмыс істеді. Сонымен қатар, полиция қызметкері масаң күйде болғаны үшін қамауға алынды. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Жан-жақты объективті тергеу жүргізіледі. Кінәлі адам қылмыстық жауапкершілікке тартылады», — деп мәлімдеді Нұрлан Рамазанов.
ҚР ҚК 345-бабы «Жол қозғалысы ережелерін бұзу» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіледі.
БҚО Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлағандай, жол апатынан 51 жастағы әйел жарақат алды. Ол алған жарақатынан жедел жәрдем көлігі келгенше қайтыс болды.