Қазақстанда ғалым әйелдерге арналған арнайы квоталар енгізіледі. Бұл туралы күні кеше айтылды.
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ведомствоның кеңейтілген алқа отырысында ғалым әйелдер үшін грант енгізілетінін айтты.
Ақпаратты ҚР БҒМ баспасөз қызметі ұсынды.
«Ғалымдарды тағылымдамадан өткізу үшін 500 грант бөлу туралы тапсырма берілді, сонымен қатар, ҚР Президенті ҰҚСК отырысында жас ғалымдарға кемінде 1000 ғылыми грант бөлуді тапсырды. Қаржыландыру бар, аталған жұмыс жақын арада ұйымдастырылатын болады. Жас зерттеушілерге қолдау көрсету үшін біз ғылыми гранттарға байқаулар жариялау кезінде арнайы квота енгіздік. Жас әйел ғалымдардың санына қатысты да дәл осындай квотаны енгіземіз деген шешім қабылдадық. Менің ойымша, бұл дұрыс шешім, бұл туралы ғалым әріптестерімізбен кездесулерде бірнеше рет айтылған болатын», — деді министр.
Оның айтуынша, ғылымды қаржыландыруды одан әрі ұлғайту жоспарлануда. Ғылымға жұмсалатын шығындар 2025 жылға қарай ЖІӨ-нің 1%-ына дейін өседі. Бұл қазақстандық ғылымның дамуына жаңа серпін береді.
«Ғылымды дамыту мәселесі Мемлекет басшысының ерекше бақылауында. Саланы қаржыландыру 2 есеге жуық өсті. 2020 жылы жаңа жобалар жүзеге асырылды», — деді министр.