2023 жылдың басынан бастап Қазақстанда қызылшаның эпидемиологиялық көрінісі ушығып барады, деп ескертеді Денсаулық сақтау министрлігі. «Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК басқарма төрағасы Манар Смағұл брифингте қалыптасқан жағдай күрделі екенін айтты: «Бүгінгі таңда қызылша індетіне қатысты қалыптасқан эпидемиологиялық жағдай күрделі болып отыр. 2023 жылдың басынан бастап ҚР-да қызылшаның 20 188 жағдайы тіркелді».
Тіркелген жағдайлардың басым көпшілігі 14 жасқа дейінгі балалар — 16 351 жағдай, бұл науқастардың жалпы санының 81%-ы. Жасөспірімдер мен ересек арасында ауру жұқтырғандар болды, сәйкесінше 3,4% және 15,4%.
Еліміздің барлық өңірінде қызылша жұқтырғандар тіркелді, бұл ретте Шымкент және Алматыда жоғары деңгей байқалды, сәйкесінше 3 609 және 3 010 жағдай. Күн сайын 350-ге жуық жағдай тіркелуде, көбінесе вакцинацияланбағандар жұқтыруда (83,6%).
«Жалпы республика бойынша вакцинацияланбаған балалардың үлесі 83,6%-ды құрайды, бұл 13 670 жағдай. Елдің 643 мектебінде қызылшаның 1466 жағдайы тіркелді. Бұл ретте науқаспен байланыста болған адамдардың саны 20 мыңнан асады», — деп қосты Смағұл.
Денсаулық сақтау министрлігі жаппай иммундау маңызды екенін еске салып, желтоқсан айында сәтті жүргізілген жағдайда қызылша жұқтыру көрсеткіші төмендейді деген үміт білдіреді.