Қазақстанда егіс науқаны қашан басталады

Алдағы уақытта Қазақстанның барлық өңірлерінде жаппай егіс науқаны басталады, деп хабарлады Премьер-министрдің орынбасары — Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин. Биыл шаруаларға 257 мың тонна тыңайтқыш жөнелтілді, оның 144 мың тоннасы отандық тыңайтқыш өндіруші кәсіпорындардың өнімі, ал 88 мың тоннасы қоймаларда тұр. Егіс жұмыстарына 704 мың тоннаға жуық тыңайтқыш пайдалану жоспарланып отыр, оның 63%-ы қазақстандық өндіріске тиесілі.

Сонымен қатар, Жергілікті бюджеттерде тыңайтқыштарды субсидиялау бағдарламасына 31,3 млрд теңге қарастырылған. Ауыл шаруашылығы дақылдарын зиянкестер мен арамшөптерден қорғау үшін субсидиялау шеңберінде 32,6 млрд теңге бөлінді. Көктемгі егіс науқанына бөлінген жеңілдетілген дизель отынының көлемі ұлғайтылып, 419 мың тоннаға жетті, ал дизель отынының орташа құны литріне 204 теңгені құрайды.

Егіс науқанын қаржыландыруға келетін болсақ, «Кең дала» бағдарламасы бойынша 140 млрд теңге қарастырылған, оған кемінде 3200 шаруаны қамту, шамамен 2 млн га алқапта егін егу мен жинауды қамтамасыз ету жоспарланған. Қазіргі уақытта 150,8 млрд теңгеге 4169 өтінім келіп түсті. Өнімді форвардтық сатып алу бағдарламасы жалғасады, оған 20 млрд теңге қарастырылған. Азық-түлік корпорациясы көктемгі егіс жұмыстарын іске асыру және кейіннен қаржыландыру үшін ірі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге тауарлық несие беруге тағы 35 млрд теңге бөледі.

Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде диқандар 832,9 мың га жерге егін екті, олардың басым бөлігі дәнді, жемшөп және майлы дақылдар. Жалпы, бүкіл ел бойынша 23,4 млн га жерге егін егу жоспарланып отыр. Биыл дәнді, жемшөп, көкөніс және бақша дақылдарының, сондай-ақ қант қызылшасының егістік алқаптары ұлғаяды.  Жаппай егу науқаны мамырдың екінші онкүндігінде басталады.

Добавить комментарий