Франция киноиндустрия саласында ҚР-мен ынтымақтастықты күшейтуге ниетті

Франция Қазақстан аумағында мәдениет саласындағы қызметті дамытпақ. Атап айтқанда, француз киноиндустриясы Қазақстанға үлкен қызығушылық танытып отыр. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Ораловтың Францияның Қазақстандағы елшісі Дидье Канесспен кездесу барысында айтылды.

Тараптар екі мемлекет арасындағы мәдени және спорт саласындағы ынтымақтастық пен алдағы жобаларды талқылады.

«Бүгін біз Луврда қазақ өнерінің көрмесін, сондай-ақ артистеріміз бен шығармашылық ұжымдарымыздың қатысуымен Парижде ауқымды концерт өткізу мүмкіндігін талқыладық. Бұл мәдениет қайраткерлері үшін құнды тәжірибе болады деп санаймын», — деп жазды министр әлеуметтік желідегі парақшасында.

Ол қараша айында қос мемлекет басшыларының кездесуінде 2025-2026 жылдары Францияда қазақ мәдениетінің күндерін өткізу туралы шешім қабылданғанын атап өтті.

Өз кезегінде Канесс мырза Француз киноиндустриясы Қазақстанға үлкен қызығушылық танытып отырғанын айтты.

Францияның киномектептері біздің студенттер оқи алатын және олармен тәжірибе алатын бағдарлама әзірлеуге дайын.

Франция елшісі сондай-ақ француз кинопрокатшылары біздің кинотеатрлармен тікелей ынтымақтастық орнатуға ниет білдіріп отырғанын атап өтті.

Министрдің айтуынша, елшілік Францияда өтетін Олимпиада ойындарына орайластырылған түрлі іс-шараларды ұйымдастырады. Мысалы, 14 наурызда Олимпиада басталардан 500 күн бұрын Алматыда балалар арасындағы «Әлем айналасындағы эстафета» халықаралық жарысының кезеңі өтеді.

Елші Алматыда дзюдошылар мен каратэшілердің демонстрациялық қойылымдарын, паралимпиадашылардың қатысуымен өтетін іс-шараны және Париж Олимпиадасының бағдарламасына енген брейкданс бойынша турнирді ұйымдастыруға ниетті екенін мәлімдеді.

«Біздің мәдениет, туризм және спорт саласындағы бірлескен жұмысымыз алдағы уақытта да күшейтіледі», — деп түйіндеді министр.

Добавить комментарий