Қазақстан Түрікменстаннан газ сатып алуды жоспарлап отыр

Қазақстан Түрікменстаннан газ сатып алуды жоспарлап отыр. ҚР Президенті Тоқаев пен Түрікменстан басшысы Бердімұхамедов тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың басым бағыттарын айқындады.

Президент сауда-экономикалық әріптестікке ерекше назар аударылғанын хабарлады.

«Бірлескен шаралардың арқасында былтыр екіжақты тауар айналымы екі есе өсіп, 250 миллион доллардан асты. Бұл бағыттағы оң динамика биыл да сақталды. Жеті айда өзара сауда-саттық көлемі 2 есе өсті. Екі елдің үкіметтері мен іскерлік топтары арасында байланыс жандана түсті. Экономиканың әртүрлі саласындағы бірқатар жобалар жүзеге асырылып жатыр», — деді Тоқаев.

Оның айтуынша, Қазақстан Түркіменстанға экспортын 80 тауар түрі бойынша ұлғайта алады. Атап айтқанда, өзара сауда-саттық көлемін алдағы жылдары 500 миллион долларға дейін арттыру, ал келешекте $1 млрд-қа жетуі мүмкін.

«Бұл үшін Тауар айналымын ұлғайту және жеткізілетін тауар номенклатурасын кеңейту жөніндегі жұмыс тобының қызметін жандандыруға тапсырма бердік. Екі елдің үкіметтері біздің тапсырмамыз бойынша осы мүмкіндіктерді қарастырады», — деп атап өтті Тоқаев.

Мемлекет басшысы сондай-ақ газ саласындағы өзара тиімді серіктестікті дамыту мәселесі кеңінен талқыланғанын айтты. Атап айтқанда, QazaqGaz пен «Түрікменгаз» компаниялары түрікмен газын импорттау жөнінде келісімшартқа қол қойды.

«Біз ұзақ мерзімді келісім жасауға, газ импортын жылына 1,5 млрд текше метрге дейін ұлғайтуға мүдделіміз», — деп атап өтті Тоқаев.

Сонымен қатар, Қазақстан Түрікменстанның ірі энергетикалық бастамаларын жүзеге асыру ісіне қатысуға, сондай-ақ газ өңдеу және газ химиясы саласында тәжірибе алмасып, өзара тиімді жобаларды дамытуға дайын. Бұдан бөлек, Қазақстан бидайын түрікмен нарығына экспорттау және түрікмен-ауған шекарасында бидай терминалын салу мәселелері талқыланды.

Сондай-ақ, Қазақстан — Түрікменстан — Иран теміржолын толық қуатта іске қосу бойынша бірлескен шаралар қабылдау жоспарлануда.

«Бұрыннан қалыптасқан логистикалық тізбектер үзілген кезде бұл бағытқа қажеттілік күрт артты. Сондықтан біз магистралді дамыту бойынша бірлескен іс-әрекет жоспарын дайындауды тапсырдық», — деп атап өтті Тоқаев.

Сондай-ақ Ақтау – Құрық – Түрікменбашы теңіз порты бойынша кооперацияны күшейту, «Түрікменбашы – Гарабогаз –Қазақстан шекарасы» автокөлік жолының құрылысына қатысты мәселелері талқыланды.

Бұдан басқа, екі елдің үкіметтері пандемияға байланысты тоқтап қалған тұрақты әуе тасымалын тезірек қалпына келтіру мүмкіндігін қарастыруға келісті. Сондай-ақ Президент іскерлік сапарлар үшін жеңілдетілген виза режимін енгізуді қолдады.

Добавить комментарий