Қазақстан Президенті Қасым Жомарт Тоқаев 5-тамызда Түркіменстанда өткен Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультациялық кездесуіне қатысты.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түрікменстанда өтіп жатқан Орталық Азия мемлекет басшыларының консультативтік кездесуіне қатысуда», — деп атап өтті баспасөз хатшы Берік Уәли.
Хабарланғандай, кеше бес елдің президенті яхтамен теңізге шығып серуендеді.
Бүгін Президент кеңесте сөз сөйледі. Ол өз сөзінде ОА елдері ынтымақтастығының маңыздылығын атап өтті.
Қазақстан Президенті мемлекеттер арасындағы экономикалық байланыстардың нығая түскенін атап өтіп, бірлескен кәсіпорындардың саны артып, өнеркәсіп, энергетика, машина жасау, ауыл шаруашылығы және басқа да салалардағы іске асырылып жатқан ірі жобаларды жоғары бағалады.
Оның айтуынша, әлем елдері күрделі кезеңді бастан өткеріп жатыр. Ауғанстандағы қазіргі жағдай ерекше алаңдатып отыр. Коронавирус індеті жағдайды одан сайын ушықтыруда. Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа кезеңде Орталық Азияда тұрақты дамуды қамтамасыз ету үшін аймақ елдері бірлесіп әрекет етуі тиіс деп санайды.
Мемлекет басшысы табысты серіктестіктің үлгісі ретінде Қазақстан мен Өзбекстанның ортақ шекарасында құрылған «Орталық Азия» халықаралық сауда-экономикалық ынтымақтастық орталығын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев президенттерді аймақтық экономиканың стратегиялық маңызды салаларына инвестиция тарту үшін күш-жігерді біріктіруге шақырды.
Президент ұлттық экономикаларды инновациялық-цифрлық платформаға ауыстыру дамудың баламасыз жолы деп атап өтті. Сондай-ақ, Қазақстанда өнеркәсіпті, энергетика, көлік және әлеуметтік салаларды цифрландыру, «ақылды» қалаларды дамыту жобалары белсенді жүзеге асырылып келе жатқанын айтты.
Мемлекет басшысы су ресурстарымен қамтамасыз ету мен аймақтың био және экожүйесін сақтауды Орталық Азиядағы негізгі мәселенің бірі ретінде атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев терроризм, діни экстремизм, есірткі тасымалы, трансұлттық қылмыс сияқты сынақтардың сақталып отырғанына тоқталды.
Консультативтік кеңесте, сондай-ақ, Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, БҰҰ Бас хатшысының Орталық Азиядағы арнайы өкілі Наталья Герман сөз сөйледі.
Кездесу қорытындысы бойынша Бірлескен мәлімдеме қабылданды.