Қазақстан: Пияз экспорты тоқтатылды

Қазақстан билігі бағаны тұрақтандыру үшін пиязды шетелге шығаруды уақытша тоқтату туралы шешім қабылдады

Қазақстан билігі ел ішіндегі бағаны тұрақтандыру үшін пияз экспортын тоқтатты.

Үшінші елдердің қазақстандық пиязға деген сұранысы Пәкістандағы табиғи апаттармен байланысты.

Сыртқы сауда саясаты және экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия Қазақстаннан пияз экспортын тоқтатты, деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі.

Пияз экспортына 3 ай мерзімге тыйым салынды.

«Бұл пияздың Қазақстаннан жаппай шығарылуын болдырмау және оның бағасын тұрақтандыру үшін жасалды», — деп түсіндірді Ауыл шаруашылығы министрлігі.

Үшінші елдердің қазақстандық пиязға деген сұранысы Азия мен әлемдегі ең ірі пияз өндірушілердің бірі — Пәкістандағы табиғи апаттармен байланысты. Бұл елдегі су тасқыны әлемде, оның ішінде біздің елдің нарығында пияз бағасының өсуіне әкелді.

Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде, сондай – ақ Өзбекстанда өнімнің қатты аязда үсіп кетуі оның құнына қосымша салмақ болып отыр.

Сонымен қатар, Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 2022 жылы елдегі пияздың өнімі 1,1 миллион тоннаны құрады. Бұл ретте қазақстандықтар жыл сайын бұл көлемнен 3 есе аз, орташа есеппен алғанда 315 мың тонна тұтынады.

Әкімдіктердің деректеріне сәйкес бүгінгі күні елімізде пияздың расталған қоры 152,4 мың тоннаны құрайды, бұл өткен жылғы егіннің жалпы көлемінің 14% ғана.

«Бұл көлем жаңа өнім жиналғанға дейін жеткілікті, сондықтан экспортқа енгізілген шектеулер Қазақстаннан қалған пиязды әкету тәуекелдерін болдырмайды», — деп атап өтті Ауыл шаруашылығы министрлігі.

Айта кету керек, республикада пияздың көтерме бағада бір келісі 150-170 теңгені құрайды, ал көршілес Ресей мен Өзбекстанда баға 240 теңге көлемінде тұрады.

Добавить комментарий