ШЫҰ мемлекеттері басшыларының кеңесі қараша айында бейнеконференция режимінде өтеді. Бұл туралы сыртқы істер министрлерінің Мәскеуде өткен кездесуінің қорытындысы бойынша белгілі болды. Оған қазақстандық СІМ басшысы Мұхтар Тілеуберді де қатысты.
Іс-шара коронавирус пандемиясы басталғаннан кейінгі алғашқы шара болды. Оның негізгі мақсаты — Мемлекет басшылары кеңесінің отырысына дайындық. Қатысушылар халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша сындарлы пікір алмасты. Кеңес аясында Мұхтар Тілеуберді Қырғызстан мен Үндістандағы әріптестерімен екіжақты кездесулер өткізді. Шыңғыс Айдарбековпен елдер арасындағы көлік қатынасын жаңғырту және шекараны кесіп өту тәртібі егжей-тегжейлі қаралды.
Қырғыз тарапы Қазақстанға коронавирусқа қарсы күресте және қырғыз азаматтарын отанына қайтару бойынша бірлескен жұмыста көрсеткен көмегі үшін ерекше ризашылығын білдірді. Үндістан мен Қырғызстан Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесте еліміздің алдағы төрағалығын құптады. Сергей Лавров, РФ сыртқы істер министрі: — Біздің елдерде Ұлы Жеңістің 75 жылдығы, БҰҰ құрылғанына 75 жыл толуы кеңінен аталып өтті. Біз осы бағыттағы қосымша қадамдарды биылғы мерейтойлық жылы белгіледік және БҰҰ мен оның Қауіпсіздік кеңесінің орталық үйлестіруші рөліне негізделген халықаралық қатынастар жүйесіне адалдығын мықтап растадық.