Қазақстан мен Германия Президенттері Украинадағы жағдайды талқылады

Қазақстан Президенті Қ.Қ. Тоқаев пен ГФР президенті Франк-Вальтер Штайнмайер Украинадағы жағдайға қатысты бірқатар мәселелерді талқылады.

Мемлекет басшылары Ресейдің Украинадағы арнайы операциясын талқылады. ГФР басшысы Франк-Вальтер Штайнмайер Ресей басшылығының Украинаға қарсы әскери іс-қимыл бастау жөніндегі күтпеген шешімінің себептеріне қатысты Еуропа одағының белгілі ұстанымын жеткізді, деп хабарлады Ақордада.

Қасым-Жомарт Тоқаев бүкіл мемлекеттің БҰҰ Жарғысындағы нормалар мен қағидаттарды берік ұстануға тиіс екенін айтты.

Президент Украина дағдарысын өте ауыр деп санайды. Сондықтан бейбіт тұрғындардың бұдан былай жапа шекпеуі және Украина аумағындағы азаматтық инфрақұрылымның толық қирауына жол бермеу үшін қақтығысты бейбіт жолмен шешудің жаңа дипломатиялық мүмкіндіктерін қарастыру керек.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан Украина халқына дәрі-дәрмек және басқа да қажетті азық-түлік жағынан гуманитарлық көмек көрсетуге дайын.

Мемлекетіміздің басшысы Германия Президентін өзіне ыңғайлы уақытта Қазақстанға сапармен келуге шақырды. Франк-Вальтер Штайнмайер шақыруды ризашылықпен қабыл алды. Әңгімелесу соңында Франк-Вальтер Штайнмайер Қазақстанды жаңғырту саясатын қолдайтынын және әріптесінің саяси және экономикалық реформалар арқылы алға ілгерілеу ниетін құптайтынын айтты.

Добавить комментарий