ҚР Парламенті Елбасы мәртебесін референдумға шығаруға тыйым салатын норманың күшін жойды

Мәжіліс депутаттары «Республикалық референдум туралы» заң жобасына сенат енгізген түзетулерді қабылдады.

Сенаттың жалпы отырысынан кейін 5 мамырда мәжілістің «шұғыл» отырысы өтіп, онда депутаттар «Республикалық референдум туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы «Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты енгізген толықтыруды қарады.

Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы, мәжіліс депутаты Арман Қожахметов заң жобасын мәжіліс ағымдағы жылдың 4 мамырында мақұлдап, сенаттың қарауына жіберілгенін еске салды. Алайда заң жобасын парламент сенатында қарау барысында толықтыру енгізілді.

«Бұл толықтыру Комитет отырысында қаралды. Сенат республикалық референдумның нысанасы бола алмайтын мәселелерді нақтылау мақсатында «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңның 3-бабы 2-тармақшасын жаңа редакцияда ұсынып отыр. Атап айтатын болсақ, «мемлекеттің тәуелсіздігін, Республиканың бiртұтастығы мен аумақтық тұтастығын, оны басқару нысанын, Республика қызметінің түбегейлі қағидаттарын өзгерту» мәселелерi референдум талқысына қойылатын мәселелер бола алмайды», — деді Қожахметов.

Сенат осы тармақшаны қолданыстағы редакциядағы «тәуелсіз Қазақстанның Негізін салушы, ҚР Тұңғыш президенті — Елбасы іргесін қалаған» деген сөздерді алып тастауды ұсынды.

«Сөз соңында Сенаттың конституциялық заң жобасына енгізген толықтыруларымен келісуді ұсынамыз. Қолдауларыңызды сұраймын», — деді депутат.

Мәжілісмендер енгізілген түзетуді бірауыздан қолдады. Осылайша, Елбасының есімі «Республикалық референдум туралы» заңнан алынып тасталады.

Добавить комментарий