Қарағанды және Павлодар облыстарында сотталғандарға еуроремонты бар колониялар қолжетімді болады

Қазақстанның екі өңірінде бас бостандығынан айырылғандар үшін еуроремонты бар колониялар қолжетімді болады. Сотталғандар үшін демалыс бөлмелері, оңалту тренингтері мен компьютерлік сауаттылық курстары ашылады.

Сонымен қатар, олар басқа мамандықтар бойынша кәсіптік білім ала алады, бұл оларға бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғаннан кейін жұмыс табуға мүмкіндік береді.

Аталған науқан Біріккен Ұлттар Ұйымының Есірткі қылмысы жөніндегі басқармасы мен 2018 жылы құрылған ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің бірлескен бағдарламасын іске асыру шеңберінде іске қосылды. Биыл Қарағанды және Павлодар облысындағы сегіз пилоттық мекемеде сотталғандарға компьютерлік курстар, заманауи жабдықталған демалыс бөлмелері және қажетті құрал-жабдықтары бар балалар бөлмелері қолжетімді болады.

Бұл мекемелерде 4 мыңнан астам сотталған, оның ішінде экстремизм мен терроризм үшін 100-ден астам адам жазасын өтеуде.

«Дәнекерлеу ісінің шебері» жаңа мамандығын ашу жоспарлануда, оқу аяқталғаннан кейін сотталғандарға мамандық алғаны туралы сертификаттар беріледі.

Жазасын өтеп жатқан әйелдерге бар оқыту бағыттарына қосымша визажист, педикюр және маникюр шеберлері курстары ұсынылатын болады.

«Мамандандырылған курстарды енгізу сотталғандарға босатылғаннан кейін қоғамға оңай және тез бейімделуге мүмкіндік береді. Бұған экстремистік және террористік бағыттағы қылмыстар үшін ұсталған азаматтар жатпайды, оларға кәсіптік-техникалық оқытудың орнына оңалту бағдарламаларына қатысу ұсынылады. Осы жаңалықтардың бірқатары БҰҰ ЕҚБ демеушілік қолдауымен іске асырылатын болады, өзара іс — қимыл шеңберінде халықаралық үкіметтік емес ұйым ҚАЖ қызметкерлеріне жетекші елдердің тәжірибесін зерделеуде бірнеше рет қолдау көрсетті, сол үшін біз оларға ризамыз», — деп атап өтті ҚАЖК төрағасы Жанат Ешмағамбетов.

Бағдарлама 2018 жылы Еуропалық Одақтың, Нидерланды Корольдігі Үкіметінің және БҰҰ контртеррористік орталығының қаржылық қолдауымен экстремистік және террористік бағыттағы қылмыстары үшін сотталғандармен жұмыс істеу әрекеттерін қолдау мақсатында құрылды.

Қазақстан бас бостандығынан айыру орындарында зорлық-зомбылық экстремизмінің көріністеріне қарсы күрес бойынша халықаралық ынтымақтастықты нығайтып, күш-жігерін арттыруда.

Добавить комментарий