Ақтөбеде 37 жастағы ер адам ішімдіккке сылқия тойып алғаннан кейін төбелестен қаза тапты. Арадағы қарым-қатынасты шешу кезінде онымен бірге ішімдік ішкен досы пышақтап өлтірген.
Оқиға туралы толығырақ: 7 қаңтар күні сағат 02:25-те полицияға Краснощеков көшесінің бойындағы «Самовар» кафесінің жанында 37 жастағы ер адам пышақ жарақатынан қайтыс болғаны туралы хабарлама келіп түсті, деп хабарлайды Ақтөбе облысы ПД баспасөз қызметі.
Қылмыстық полиция қызметкерлері ізін суытпай 28 жастағы күдіктіні құрықтады. Белгілі болғандай, дәмханадан шыққаннан кейін ер адамдар көшеде төбелесіп қалған. Олардың бірі екіншісіне пышақ жарақатын салған.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК 99-бабы «Кісі өлтіру» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті Ақтөбе қаласының УҰИ-на қамалды.
Аталған кафенің әкімшілігі демалу орындарының жұмыс режимі бойынша шектеу шараларын бұзды. Әкімшілікке қатысты материалдар жиналып, шешім қабылдау үшін Сапаны бақылау және қызмет көрсету департаментіне жолданды.