Республика күні қарсаңында «ҚазАвтоЖол» жүргізушілерге жолдарда абай болуға шақырады. Алдағы мереке күні республикалық автожолдар желісінде көлік қозғалысы қарқындылығы артады деп болжануда.
Ұлттық компания республикалық маңызы бар күре жолдар желісінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін барлық қажет шараны қабылдауда. Жолшы мамандар күшейтілген режимде жұмыс істейді.
Сонымен қатар қысқы күтіп-ұстау жұмыстарының басталғанын еске саламыз. Синоптиктердің ақпаратына сәйкес еліміздің басым бөлігінде күн райы әлі де құбылмалы болады. Ұзақ сапарға шықпас бұрын ауа-райы мен жолдардағы ахуалды нақтылау қажет. Бұл ақпаратты 1403 қысқа нөміріне қоңырау шалып, білуге болады.
Сонымен қатар, «ҚазАвтоЖол» жүргізушілерді көліктің жай-күйін тексеріп, жол қозғалысы ережелері мен жылдамдық режимін қатаң сақтауға шақырады. Осы шаралар Республика күнін мерекелеу кезінде жолдардағы қауіпсіздік пен жайлылықты қамтамасыз етуге бағытталған.