Шығыс Еуропа елдері босқындардың жаңа толқынын қабылдауға дайындалу үшін шаралар қабылдауда.
Босқындардың жаңа ағыны қыстың қақаған суығы мен ресейліктердің энергетика нысандарына жасалып жатқан шабуылына байланысты артуы мүмкін.
Reuters басылымының хабарлауынша, Словакияда Украинадағы суық ауа температурасы мен соғыс қимылдарына байланысты шамамен алдағы үш айдың ішінде шамамен 700 мың адам келеді деп болжауда.
Украинаның халықаралық әріптестік орталығының жетекшісі және «Шекарасыз өзара іс-қимыл» волонтерлік форумының ұйымдастырушысы Анатолий Полковников «дайын және мүмкіндігі болған адамдар Еуропаға эвакуацияланды» деп санайды
Жағдайды бақылай отырып, қыс түскенде босқындар ағыны ақпан және наурыз айларындағы секілді болмайды деген қорытынды жасауға болады, дейді маман. Ол үшін бірнеше алғышарттар бар:
«Дайын және мүмкіндігі болған адамдар Еуропаға эвакуиацияланды. Эвакуациялау үшін едәуір материалдық ресурстарды қажет етеді, ал елде — қаржылық ахуал нашарлаған, көбінің оған қаражаты жетпейді, ал қоғамдық ұйымдар мен еріктілердің қолы байлаулы».
Венгрия реформаттық шіркеуінің өкілі Джофия Добиш-Луски украиндықтардың шекара маңындағы Захонь теміржол станциясына күнделікті келуі он есеге артып, ресейлік бомбалаудан кейін 300-500 адамға жеткенін айтты.
Чехияның ішкі істер министрі Вит Ракушан өткен аптада Киевке барған сапарынан кейін Еуропада тұру үшін тіркелген босқындардың бестен бір бөлігі Украинаға барғанын, бірақ олардың кейбіреуі қыстың қақаған суығына байланысты оралуы мүмкін екенін мәлімдеді. Чехия Украинамен шектеспейді, бірақ 457 мың адам тұратын босқындар үшін танымал орын болып табылады.
БҰҰ мәліметі бойынша, шамамен 6,9 млн адам Украинадағы ішкі қоныс аударушылар болып саналады. Қазіргі уақытта 4,5 млн-ға жуық украиналық босқын Еуропа бойынша түрлі қорғау бағдарламалары аясында тіркелген. Олардың көпшілігі Украинамен көршілес ЕО елдерінде — Словакия, Польша, Венгрия және Румынияда тұрып жатыр.
Еске салайық! 10 қазанда Еуропалық комиссия украиналық босқындарды қабылдау және қорғау ережелерін тағы бір жылға ұзартуға шешім қабылдады.