Тұңғыш Президент — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан облысына сапары барысында Түркістан қаласындағы халықаралық әуежайдың ашылу салтанатына қатысты.
Халықаралық әуежайдың құрылысы мемлекеттік-жеке меншік әріптестік шеңберінде жүзеге асырылды. Қаладан 20 шақырым қашықтықта орналасқан әуежай халықаралық стандарттарға сәйкес заманауи технологияларды пайдалана отырып тұрғызылды. Әуе айлағын салу үшін 102 арнайы техника мен 300-ден астам құрылысшы жұмылдырылды. Халықаралық әуежайдың жалпы ауданы 905 га құрайды. Жолаушылар терминалының өткізу қабілеті жылына шамамен үш миллион жолаушыны құрайды.
Нұрсұлтан Назарбаев «Самұрық-Қазына» АҚ қолдауымен салынған «Түркістан-Арена» жаңа стадионымен танысты. Стадионның трибуналары жеті мың көрерменге арналған. Ғимарат батыс және шығыс трибуналары бар ашық арена болып табылады. Спорт нысанында акробатика, бокс, ауыр атлетика залдары орналасқан.
Елбасы концерттер, театрландырылған қойылымдар, конкурстар, ғылыми конференциялар және басқа да іс-шаралар өткізуге арналған «Конгресс Холл» көпфункционалды концерт залымен танысты. Жаңа ғимаратта бір мың орындық көрермен залы, төрт дайындық залы, әкімшілік үй-жайлар, балалар ойын бөлмесі орналасады.
Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаевқа «Жаңарған Ел — бақ қонған Ел» бейнеролигі көрсетілді.