Өзбекстан астанасы Ташкентте алғаш рет Қазақстан мен Өзбекстан парламентаралық кеңесінің мүшелері жиналды. Парламентаралық ынтымақтастық кеңесін құру туралы шешім Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтің 2021 жылғы желтоқсандағы Астанаға мемлекеттік сапары барысында қабылданған еді.
Іс-шарада Қазақстанның парламенттік делегациясын Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бастап келді, ол парламентаралық кеңесті құрғаны үшін зор алғыс білдіріп, оның стратегиялық маңызын атап өтті. «Біздің президенттеріміз Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёевтің жеке келісімдерінің арқасында екі елдің ынтымақтастығы одақтастықтың жаңа деңгейіне көтерілді. Бұл – Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы қарым-қатынастың жаңа кезеңі. Ал мемлекет басшылары барлық келісімнің жоғары деңгейде уақтылы әрі дұрыс орындалуына парламенттік бақылау жасауды Парламентаралық ынтымақтастық кеңесіне жүктеді», — деп атап өтті Ерлан Қошанов.
Отырыс барысында екі ел депутаттары сауда-экономикалық, көлік, аграрлық, мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты және су дипломатиясы мәселелерін талқылады. Екі ел арасындағы экономикалық байланыстарды дамытуға ерекше назар аударылды. Өзбекстан Қазақстанның өңірдегі ең ірі экономикалық серіктесі екенін атап өтті. Орталық Азия елдерімен тауар айналымы жалпы көлемінің 62,5 пайыздан астамы осы елге тиесілі.
2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сауда-саттық рекордтық 5 млрд АҚШ долларына жетті. Екі ел үкіметтерінің алдында бұл көрсеткішті 10 млрд долларға дейін арттыру міндеті тұр.
«Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығының құрылысы – келешегі зор бірлескен жобалардың бірі. Оны өңірдегі ірі сауда-өнеркәсіптік хабқа айналдыру көзделіп отыр. Сондай-ақ Қазақстан парламентшілері Өзбекстанның «Мазари-Шариф – Кабул – Пешавар» теміржолын және «Беларусь – Ресей – Қазақстан – Өзбекстан – Ауғанстан – Пәкістан» мультимодальді дәлізін салу арқылы трансауған дәлізін дамыту жөніндегі бастамаларына қолдау білдірді.