Мәжілістен тағы бір депутат кетті

Мәжіліс депутаты Зүлфия Сүлейменова депутаттық өзкілеттігін тоқтатқанын жариялады.

Оның өкілеттігін тоқтату туралы шешімі Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясының отырысы барысында қабылданды.

«Конституцияның 52-бабына, «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» 1995 жылғы 16 қазандағы Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 24-бабы 3 және 8-тармақтарына сәйкес, Орталық сайлау комиссиясы Зульфия Болатқызы Сүлейменованың өтініш беруіне байланысты оның өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатуға әкелетін негіз туындады», — делінген Орталық сайлау комиссиясының хабарламасында.

Депутат Сүлейменованың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы ұсыным Қазақстан Парламентінің Мәжілісіне енгізілетін болды.

Анықтама! Депутат Зүлфия Сүлейменова 1990 жылы Ақтөбеде дүниеге келген. Әр жылдары Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Климаттық саясат және жасыл технологиялар департаменті директорының орынбасары, Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) Азия мен Тынық мұхитқа арналған экономикалық және әлеуметтік комиссиясының (Бангкок, Таиланд) Қоршаған орта және даму, энергетика, сондай-ақ макроэкономикалық саясат және дамуды қаржыландыру жөніндегі дивизиондарының консультанты, Қазақстан мен Түрікменстандағы БҰҰ Даму бағдарламасының кеңселерінде, ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ) ғылыми қызметкері болып жұмыс істеді.

2019 жылы президенттік жастар кадрлық резервіне кірді.

2021 жылғы қаңтар айында «Аманат» партиясының (бұрынғы «Нұр Отан») тізімі бойынша мәжіліс депутаты, халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі болды.

Добавить комментарий