Қазақстанда сенаторлар үшжылдық бюджет жобасына 100-ден астам ұсыныс енгізді.
ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында депутаттар үшжылдық бюджет жобасын талқылап, оған түзетулер енгізді. Олар заң жобасын Мәжіліске қайтарды.
Сенат депутаты Ольга Перепечинаның айтуынша, аталған заң жобасын талқылау барысында тұрақты комитеттер мен депутаттардан өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша 136 ұсыныс келіп түскен.
Барлығы үшжылдық кезеңге 86 млрд теңге, оның ішінде 2022 жылы 64,5 млрд теңгеге ұсыныстар қолдау тапты. Шығыстарды ұлғайту Үкімет резервін қайта бөлу есебінен жүзеге асырылады, — деп атап өтті депутат.
Оның айтуынша, аталған ұсыныстар келесі бағыттарды қаржыландыру мәселелерін қарастырады: мемлекеттік қызметшілерге факторлық-балдық шәкіл ендіруге 2022 жылы – 44,4 миллиард теңге; аавтожолдарды реконструкциялау мен дамытуға жалпы сомасы 8,2 миллиард теңге, оның ішінде 2022 жылы – 4,5 миллиард теңге;
2022 жылдың қорытындысы бойынша республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының 94%-ы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда болуы керек. Осыған байланысты су құбыры желілерінің салуға және жөндеуге 8,1 млрд теңге бөлінеді, оның ішінде 2022 жылы — 3,8 млрд теңге, бұл халықтың сумен жабдықтау қызметтеріне қолжетімділігін қалаларда 99%-ға дейін, ауылдарда — 95%-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Газбен жабдықтауға 1,2 млрд теңге жұмсалады, бұл газдандыру деңгейін 55,4%-ға дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, жеке тұрғын үй құрылысының инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын салуға жалпы сомасы 5,3 млрд теңге, оның ішінде 2022 жылы — 4,6 млрд теңге.
Перепечина сонымен қатар функцияларды беруге байланысты мемлекеттік органдар арасында қаражат қайта бөлінгенін, сондай-ақ депутаттардың басқа да ұсыныстары қолдау тапқанын айтты.
Қаржы және бюджет комитеті «2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізіп, Мәжіліске жіберуді ұсынды. Депутаттар бұл ұсынысты бірауыздан қолдады.