Қасым-Жомарт Тоқаев РФ-ның әлемдегі орнын нығайту ісіндегі Путиннің беделін атап өтті

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясының Президенті Ресейдің әлемдегі орнын нығайту ісіндегі айтарлықтай ықпалды саяси бағыт жүргізіп отырғанын атап өтті.

Тоқаев Нұр-Сұлтандағы Федерация кеңесінің төрағасы Валентина Матвиенкомен кездесуінде Ресей президенті Владимир Путиннің РФ-ның әлемдегі орнын нығайту ісіндегі ықпалын атап өтті. Бұл туралы Қазақстан Президентінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Владимир Владимирович Путиннің мықты әрі беделді басшылығымен Ресей Федерациясы халықаралық аренада өзін әлем елдері санасатын және онсыз бірде-бір маңызды халықаралық проблема шешілмейтін мемлекет ретінде танытты», — деді Тоқаев.

Ол заң шығарушы органдардың Қазақстан мен Ресей арасындағы байланыстарын жақындатудағы рөлін ерекше атап өтті. «Парламенттік дипломатия мемлекетаралық ынтымақтастықты дамытуда үлкен рөл атқарады деп санаймын. Бұл әсіресе, Қазақстан мен Ресей Федерациясы арасындағы ықпалдастыққа қатысты. Біз үшін достық, одақтастық байланыстар негізгі басымдыққа ие», — деп атап өтті Қазақстан Президенті.

Кездесу барысында Қазақстан мен Ресей арасындағы көпжақты стратегиялық серіктестік пен одақтастықты нығайтудың, перспективалары талқыланды. Сонымен қатар сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастыққа, еуразиялық интеграцияға және екі елдің коронавирус пандемиясына қарсы күрестегі бірлескен күш-жігеріне қатысты өзекті мәселелер сөз болды.

Өз кезегінде Матвиенко Тоқаевқа кездесуге мүмкіндігі үшін шынай ризашылығын білдірді. «Сапар алдында Владимир Путинмен сөйлестім. Ол Сізге жүрекжарды сәлемін жолдады. Сондай-ақ Сіздердің сенімді әрі шынайы қарым-қатынастарыңызды жоғары бағалайтынын айтты. Қол жеткізілген барлық уағдаластықтардың жүзеге асырылатынын нақтылады», — деді Федерация Кеңесінің төрағасы.

Федерация Кеңесінің делегациясы Қазақстанда екі күндік ресми сапармен жүр. Сапар бағдарламасында — ел басшылығымен және парламент өкілдерімен кездесу.

Добавить комментарий