Алматы облысында шыққан ірі өрттің мән-жайы белгілі болды. Шаруа қожалықтарының жерлері мен демалыс аймақтары жанып жатыр.
Хабарланғандай, 15 сәуір күні сағат 09.45-те Алматы облысы Балқаш ауданы Жиделі ауылдық округінде, Жиделі ауылынан 25 шақырым жерде мемлекеттің қарауындағы алқапта құрғақ шөп пен қамыс өртенді.
«Өрттің аумағы анықталып жатыр. Қызыл жалын шаруа қожалықтары мен жеке меншік демалыс орындарын жалмады. Қапшағай және Балқаш ауданы Бақанас ауылының өрт сөндіру бөлімдерінің 18 қызметкері мен 5 бірлік техникасы дереу өрт орнына шықты», — деп хабарлады ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәли.
Жол сапасы нашар болғанына байланысты өрт сөндірушілердің ТЖ орнына баруы қиынға түсті.
Осы өрттен басқа, 13 сәуірден бастап Балқаш ауданы Желторанғы және Ақкөл ауылдық округтерінің аумақтарында өрт ошақтары сөндірілуде.
Барлығы үш жану ошағы бар. Алғашқы ошақ 20 га алаңда сағат 10.30-да сөндірілді. Екінші және үшінші жану ошақтарын сөндіру жұмыстары жалғасуда. Қураған ағаштардың жану оқиғаларының жиілеуіне байланысты 12 сәуірден бастап Балқаш ауданында жедел штаб құрылды. Онда Төтенше жағдайлар департаментінің күштері мен құралдары жұмыс істейді. Қазавиаорманқорғау мекемесінің ұшағымен учаскелерді аэровизуалды тексеру ұйымдастырылды, — деп атап өтті ТЖМ өкілі.