БҰҰ сарапшылары Ресей үкіметін Навальныйдың улануына байланысты халықаралық тергеу жүргізуге рұқсат беруге шақырды.
БҰҰ соттан тыс жазалау проблемасы бойынша арнайы баяндамашылары Аньес Калламар мен Ирен Хан Алексей Навальныйдың улануына қатысты халықаралық тергеу жүргізуді талап етті. Олар 20 желтоқсан күні Ресей үкіметіне хат жолдағанын мәлімдеді. Бірақ жауап алмағандықтан, арнайы баяндамашылар оны құпиялылықты сақтау кезеңі — 60 күн өткеннен кейін жариялады, деп хабарлайды БҰҰ сайты.
«Біз Навальный мырзаның «Новичокпен» улануы белгілі бір мақсатқа — кез келген үкіметті сынға алуға батылы жеткен немесе оппозицияда жүрген адамдарға осылай болатыны туралы анық және қорқынышты ескерту болуы мүмкін деп есептейміз. «Новичок» адамдарға үрей көрсету үшін таңдалды», — деп мәлімдеді арнайы баяндамашылар Аньес Қалламар мен Ирен Хан.
Арнайы баяндамашылар Германияда, Францияда, Швецияда және Химиялық қаруға тыйым салу ұйымында жүргізілген токсикологиялық тесттердің нәтижесін зерделеп, мұндай қауіпті және оңайшылықпен табуға болатын затты қолдануға, сонымен бірге оның жаңа құрамын қажетті сараптамасы бар және мемлекеттік органдарда жұмыс істейтін адамдар ғана қол жеткзе алады деп қорытындылады.
Ресей сыртқы істер министрінің орынбасары Геннадий Гатиловтың атына жазылған хатта оппозиционердің улануына жоғары деңгейдегі ресми тұлғалардың қатысы бар екендігін көрсететін дәлел келтірілген.
Сонымен қатар, арнайы баяндамашылар атап өткендей, “Новичокты” қолдану Ресейдің химиялық қаруды әзірлеуге, өндіруге, жинақтауға және қолдануға тыйым салу және оны жою туралы конвенция шеңберінде алған міндеттемелеріне қайшы келеді, сондай-ақ соттан тыс жазаларға тыйым салуды бұзады.
Сарапшылардың айтуынша, олар Ресей билігіне 2020 жылдың тамызынан бастап ашық тергеу жүргізуге шақырып келеді. Бірақ, олардың айтуынша, Ресей үкіметінен бұл үндеулерге тиісті жауап берілмеді.
Арнайы баяндамашылар Ресей билігі қатаң қысым көрсетіп, Алексей Навальный Германияда ұзақ уақыт ем алғаннан кейін отанына орала салысымен дереу қамауға алған кезде көңілдері қалғанын мәлімдеді.
БҰҰ сарапшылары Навальныйдың улануына байланысты фактілерді анықтау үшін жедел түрде халықаралық тергеу жүргізу қажет деп санайды.
«Навальныйды Ресей үкіметі қамауға алып, сол елдің билігінің бақылауында болғандықтан, мұндай тергеу ерекше маңызға ие болады. Біз Ресей үкіметінен тергеу жүргізуді талап етеміз немесе оны жүргізуге рұқсат беруге шақырамыз», — деп атап өтті БҰҰ арнайы баяндамашылары.
Олар Ресей билігі Алексей Навальныйға түрмеде келтірілуі мүмкін кез келген зорлық-зомбылық үшін жауапты екенін ескертіп, оны дереу бостандыққа шығаруға шақырды.
2020 жылғы 20 тамызда Алексей Навальный Мәскеуге ұшып бара жатқан ұшақта өзін нашар сезінген. Лайнер Омбыға жедел қонды. Оппозиционер кома күйінде Омбы ауруханасына жеткізіліп, екі күннен кейін «Шарите» неміс клиникасына ауыстырылды.
6 қазанда ХҚТҰ Навальныйдың сараптамасының нәтижелерін жариялады. Ресейлік оппозиционердің қанында және зәрінде холинэстераза ингибиторлары тобындағы заттың іздері болды. Оларға “Новичок” жауынгерлік уы да жатады.