Үкімет отырысында «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыру кезеңдері қаралды
Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің қатысуымен Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссияның отырысы өтті.
«ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес институционалдық реформасын іске асыру жөніндегі «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауының орындалу барысы қаралды.
Атқарылып жатқан жұмыстар туралы ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев, ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров, қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, энергетика министрі Нұрлан Ноғаев, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов, денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев, мәдениет және спорт вице-министрі Ғабидолла Әбдірахымов және басқа да жауапты тұлғалар баяндады.
Қазіргі таңда Ұлт жоспарының 100 қадамының ішінде 72 қадамы жүзеге асырылды:
- «Кәсіби мемлекеттік аппарат құру» бағыты бойынша — 15 қадамның 13-і;
- «Заң үстемдігін қамтамасыз ету» бағыты бойынша барлық 19 қадам,
- «Индустрияландыру және экономикалық өсім» — 50 қадамның 27-сі,
- «Біртектілік пен бірлік» бағыты бойынша — 6 қадамның 3-і,
- «Есеп беретін мемлекетті қалыптастыру» бағыты бойынша — барлық 10 қадам.
Осы жылы «Кәсіби мемлекеттік аппарат құру» және «Индустрияландыру және экономикалық өсу» бағыттары бойынша 9 қадамды орындау жоспарлануда.
Отырыста бюджеттен тыс қорлардың қызметін қамтитын кеңейтілген бюджетті енгізу, зейнетақы мен жәрдемақы тағайындау және төлеу процестерін цифрландыру, отандық фармацевтиканы дамыту, Әлеуметтік кодекс тұжырымдамасын және Қазақстанның 2050 жылға дейінгі төмен көміртекті даму тұжырымдамасын әзірлеу мәселелері қаралды.
Премьер-Министр Ұлт жоспары мен ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық шаралар жоспарын толық және сапалы орындау бойынша белсенді жұмысты жалғастыруды тапсырды.
Стратегиялық инвесторларды, бірінші кезекте, жаңа жұмыс орындарын құруды қамтамасыз ететін экономиканың басым секторларындағы жаңа ірі жобаларға тарту жөніндегі тармақтарға ерекше назар аударылды.