Қазақстанның кейбір өңірлерінде қолайсыз ауа райына байланысты жол қызметтері жүргізушілерден қауіпсіздік шараларын сақтауды сұрады. Tengri Auto мәліметінше, жолдарда көктайғақ пен тұман болады, жолшылар жүргізушілерді жолға шығар алдында осы факторларды ескеруге шақырады.
«Құрметті республикалық маңызы бар автожолдарды пайдаланушылар! Қауіпсіздік мақсатында жол жүру ережесін қатаң сақтап, ұзақ жолға шығар алдында ауа райының қолайсыздығын ескерулеріңізді сұраймыз», — деп атап өтті компания өкілдері.
Соңғы мәліметтер бойынша, Астанада, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында жел күшейеді, ал Батыс Қазақстан, Түркістан, Қостанай, Ақтөбе, Жамбыл және Павлодар облыстарында қалың тұман түседі, салдарынан автожолдарда көріністің шектелу қаупі бар.
Еске салайық, Қазақстанның бірнеше өңірінде 5 наурызда дауылды ескерту жарияланды: оңтүстікте тұман басады, солтүстікте боран соғады. Егжей-тегжейлі ауа райы болжамы арнайы материалдарда жарияланды.