Алматыда құқық қорғау органдарының қызметкерімін деп таныстырған ер адам қазақстандықтарды 36 млн теңгеге алдады.
Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Зардап шеккендердің бірінің нұсқасы бойынша, ол Е.есімді азаматты бұрыннан біледі, ол бірнеше тиімді тендерлерді ұтып алдым деп сендіріп бірлескен кәсіпке ақша салуды ұсынды. Оған қаражат аударылғаннан кейін ол хабарласуды тоқтатты. Сотқа дейінгі тергеу барысында тағы екі қылмыстық эпизод анықталды. Бір жағдайда, ер адам өзін тергеуші ретінде таныстырып, қылмыстық істі тоқтатуға көмектесуге уәде беріп, басқа адамдардың ақшасын жымқырған, екіншісінде – элиталық автокөлікті төмен бағамен сатып алуға көмектесемін деп уәде еткен», — деп хабарлады Әуезов аудандық полиция басқармасының бастығы Ұлан Әбілхайыр.
Тергеу кезеңінде ұсталған адамға қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу шаралары жүргізілуде.