Жұмыссыз жастар жолды жауып тастап, митинг өткізді

Екі ауылдың жұмыссыз тұрғындары «Маңғыстаумұнайгаз» кен орнына баратын жолды жауып тастап, митинг өткізді.

«Жетібай және Мұнайшы ауылдарының 30-ға жуық жұмыссыз тұрғыны «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ кен орнына апаратын жолды жауып тастап, мұнай саласына жұмысқа орналастыруды талап етті», — деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Жергілікті шенеуніктер оларға жұмысқа орналастыру жалпы кезек бойынша жүргізілетінін түсіндірді. Сондай-ақ, олар ультимативті талаптарды қоймауды және басқа жерде сындарлы диалогты жалғастыруды сұрады.

Басылымның хабарлауынша, жыл басынан бері Қарақия ауданында 366 жұмыс орны ашылып, 180 млн теңге бөлінген. Осы бағдарлама бойынша бүгінде 172 адам жұмыс істейді. Жұмысшылардың орташа жалақысы 170 мың теңгені құрайды.

Шенеуніктердің айтуынша, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ мен сервистік қызмет көрсететін мердігерлік ұйымдарға 143 адамды жұмысқа орналастыру жоспарланған.

Қазіргі уақытта республикалық тас жолда көлік қозғалысы ашық, наразылық білдірушілердің барлығы тарқады.

Добавить комментарий