Шетелдік азамат Түркістан облысындағы қоғамдық моншалардың бірінен телефон ұрлады деген күдікке ілінді.
Сарыағаш аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын жүгінді. Әйелдің айтуынша, тазалаушы болып жұмыс істейтін моншада белгісіз біреулер оның Samsung A-32 маркалы телефонын ұрлап кеткен. Келтірілген залалдың сомасы шамамен 70 мың теңгені құрайды.
Полицейлер аталған фактіні ҚР ҚК 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеді. Тәртіп сақшылары моншаға келді. Олар бейнебақылау камераларын тексеріп, куәгерлер мен монша қызметкерлерінен жауап алды. Нәтижесінде күдіктінің жеке басы анықталды. Ол моншаның клиенті, Өзбекстан Республикасының азаматы болып шықты. Күдікті полиция бөліміне жеткізілді. Белгілі болғандай, шетелдік азамат үстел үстінде тұрған телефонды көріп, ұрлап кеткен. Ұрланған заттай дәлел заңды иесіне қайтарылды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.