Халықаралық Шанхай импорттық тауарлар көрмесінде Қазақстан да ұсынылатын болады. Азық-түлік секторының өнімін отыз бес қазақстандық кәсіпорын ұсынады. Павильонның ашылуы бүгін, 2020 жылғы 6 қарашада өтеді. Кеше басталған көрме 2020 жылдың 10 қарашасына дейін жалғасады.
«Шанхай көрмесі CIIE — 2020 бүгінде В2В-форматтағы сұранысқа ие сауда алаңдарының бірі болып табылады. Бұл әсіресе пандемия салдарынан жаһандық шектеулер жағдайында өзекті. Көрме алаңында қазақстандық компаниялар Қытайда бизнес серіктестерін табуға мүмкіндік алды. Бүгінгі көрме қазақстандық тауарларды сатып алуға мүдделі қонақтарды көптеп тартады деп үміттенеміз», — деді Қазақстанның сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов.
Қазақстан өнімін азық-түлік секторының 35 компаниясы — ҚР Сауда және интеграция министрлігі 2020 жылғы шілдеде іске қосқан Экспорттық акселерация бағдарламасына қатысушылар ұсынады. Қазақстандық экспортты бағдарлама желісі бойынша ілгерілету жөніндегі агент QazTrade Сауда саясатын дамыту орталығы болды. Сараптамалық көмек пен қолдауды PwC халықаралық компаниясы жүзеге асырады.
«Биылғы жылы азық-түлік өнеркәсібі экспорттық әлеуеттің кең болуына байланысты Бағдарламаның бірінші кезегін таңдап алды, ал мақсатты өткізу нарығы Қытай болды. Бұл қытайлық әріптестің Қазақстанның тамақ саласына деген жоғары қызығушылығына байланысты. Соңғы 4 жылда Қазақстаннан Қытайға тамақ өнімдерін жеткізу көлемінің орташа жылдық өсу қарқыны 47%-ды құрап, 2015 жылғы 31 млн доллардан 2019 жылы 146 млн долларға дейін өсті. Қытайды мақсатты нарық ретінде таңдау оның сыйымдылығына байланысты — 2019 жылғы жағдай бойынша тамақ өнімдері импортының көлемі 54 млрд долларды құрайды (соңғы 4 жыл ішінде орташа жылдық өсу қарқыны 11% құрады)», — делінген хабарламада.
Экспорттық акселерация бағдарламасына қатысу қазақстандық компанияларға қытай нарығында өнімді ілгерілету үшін кең ауқымды мүмкіндіктер берді: Қытай нарығына шығуға дайындық бойынша оқыту вебинарларына қатысу, бағдарламаның барлық кезеңдерінде сүйемелдеу (маркетингтік материалдарды, өнім каталогын, жарнамалық роликті дайындау), нарыққа шығу бойынша жеке карта жасау, компанияларды нысаналы нарықта ілгерілету.
«Қытайдағы халықаралық көрмеге қатысу — бұл Экспортты акселерациялау жөніндегі қолданыстағы бағдарламаның негізгі кезеңі, оның нәтижесі біздің компаниялар үшін экспорттық келісімшарттар болуы тиіс», — деп түсіндірді баспасөз қызметі.
Көрмеде 35 отандық өндірушілер 8 санатта өнімдерін ұсынады: 1) ұн тарту өнеркәсібі, крахмалдар және крахмал өнімдері; 2) тұз; 3) сусындар; 4) балық, ет және ет консервілері; 5) сүт өнімдері; 6) кондитерлік өнімдер мен бал; 7) өсімдік майлары; 8) тұздықтар. Пандемияға байланысты көрмеде тек өнім үлгілері ұсынылады. Жоспарланған іскерлік кездесулер онлайн-форматта өтеді.
Шараға 30-ден астам ресми шетелдік делегация қатысады деп күтілуде.
Экспорттық акселерация бағдарламасы 2020-2025 жылдарға арналған. Осы уақыт ішінде 1 мыңнан астам қазақстандық өндірушілерді тарту көзделіп отыр. Шамамен 300 қазақстандық компания алғаш рет халықаралық нарыққа шығу тәжірибесіне ие болып, алғашқы экспорттық келісімшарттар жасасады.