Қытай БРИКС құрамын кеңейтуді жақтап отыр, оған Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай және Оңтүстік Африка Республикасы мүше. Аталған идеяның негізгі мақсаты БРИКС-тің жаһандық экономикалық және саяси процестерге ықпалын нығайту. Financial Times басылымының хабарлауынша, Қытай өкілі БРИКС-тің әлемдік ЖІӨ-дегі үлесі G7 секілді болса, бұл бірлестікке халықаралық аренада жоғары мәртебе беретінін атап өтті.
22-24 тамызда Йоханнесбургте өтетін БРИКС саммиті осы тұрғыда маңызды кезең болмақ. Оңтүстік Африка Республикасының президенті Сирил Рамафоса 60-тан астам елдің мемлекет және үкімет басшыларына шақырту жолдады, бұл аталған блокқа жаңа елдердің қосылуына ықпал етуі мүмкін.
Басылым сондай-ақ алдағы саммитте Қытай дамушы нарықтардың G7-мен неғұрлым белсенді бәсекелестікке ұмтылысын қолдайтынын атап өтті. Иран, Беларусь және Венесуэла секілді елдердің бірлестікке қосылуы Ресей мен Қытай үшін жаңа одақтастарды тарту қадамы десе болады.
Бірлестікке мүше болуға үміткер елдердің қатарында Аргентина, Сауд Арабиясы және Индонезия бар.
Алайда, БРИКС-тің әлемдік контексте қандай рөл атқаруы тиіс деген сұрақ туындайды. Ол дамушы елдердің экономикалық тұрғыдан мүддесін қорғайтын клуб болып қалу керек пе, әлде Батыстың ықпалына қарсы шығуға дайын саяси күш болуы керек пе.
Оңтүстік Африка Республикасының Сыртқы істер министрі Наледи Пандор БРИКС-тың ықтимал кеңеюін батысқа қарсы қадам ретінде қарастыру қате деп мәлімдеген болатын.
Газеттің мәліметі бойынша, БРИКС мүшелері АҚШ долларының үстемдігіне наразылық артып отырғанымен, ортақ валюта құру мәселесі әлі де күн тәртібінде тұрған жоқ. Дегенмен, БРИКС мүшелері арасындағы сауда-саттықта ұлттық валюталарды пайдалануды кеңейту туралы талқылау саммиттің басты мәселелерінің бірі болуы мүмкін.