Вакцинация паспортын қолдан жасаған қазақстандықтар қалай жазаланады

ҚР ІІМ Қазақстанда вакцинация паспортын қолдан жасағандар қандай жазаланатынын, сондай-ақ анықталған жағдайлардың санын айтты.

Алғашқы жарты жылда ішкі істер органдары өндірісінде вакцинация паспортын қолдан жасау бойынша төрт қылмыстық іс болды. Алматы мен Ақмола облыстарында бір-бірден екі дерек анықталды. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.

Мұндай заңбұзушылық үшін жауапкершілік Қылмыстық кодекстің 385-бабында «Жалған құжаттарды, мөртабандарды, мөрлерді, бланкілерді, пошта төлемінің мемлекеттік белгілерін, мемлекеттік наградаларды қолдан жасау, дайындау немесе өткізу» көзделген.

«Заң шығарушы қылмыстық құқық бұзушылықтың осы түрі үшін 2 000 АЕК (5,8 миллион теңге) мөлшерінде айыппұл салу, не сол мөлшердегі түзеу жұмыстары, не 600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу, не сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейтін қылмыстық жауапкершілікті белгіледі», — деп түсіндірді ІІМ баспасөз қызметі.

Егер бұзушылық бір жыл ішінде қайтадан анықталса, сондай-ақ адамдар тобы вакцинация паспортын алдын ала сөз байласу арқылы қолдан жасаса, айыппұл 4000 АЕК-ке дейін өседі, бұл 11,6 миллион теңге. Сондай-ақ, тәртіп бұзушыларды қоғамдық жұмыстарға 1 000 сағатқа дейін тартуға, не төрт жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға болады.

Сондай-ақ, жалған вакцинация төлқұжатын қолданатындар үшін де жаза көзделген.

«Жалған вакцинация паспортын қолданушыларға 160 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға (шамамен 467 мың теңге), не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не 160 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не 40 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алуға құқығы бар», — деп түсіндірді ІІМ.

Добавить комментарий