Төтенше жағдайлар кезінде ТЖМ бөлімшелерінің тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Үкіметі 633 млн теңге көлемінде қосымша бюджеттік қаражат бөлді. Тиісті қаулыға Премьер-Министр Әлихан Смайылов қол қойды.
Қаражаттың жартысынан астамы ТЖМ-ның әуе кемелеріне 5 су шашу құрылғысын және 71 ұшқышсыз ұшу аппаратын сатып алуға бағытталатын болады. Бұл қадам табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жоюға үшін қабылданды.
Бүгінгі таңда ТЖМ қарамағында 27 ұшқышсыз ұшу аппараты бар. Алайда биылғы жылы орын алған өрттер мен басқа да төтенше жағдайлар олардың санының жеткіліксіз екенін көрсетті.
Сондай-ақ, өрт сөндіру және басқа да дағдарыстық жағдайларға тиімді ден қою мәселесіне айтарлықтай назар аударылуда. Қазіргі уақытта ашық су қоймаларынан су алып, табиғи өрт ошақтарына әуе арқылы жеткізу үшін 12 су шашатын құрылғы бар. ТЖМ авиациялық паркі көпфункциялы 34 әуе кемесінен тұрады.
Осылайша, жаңа дрондар мен су шашу құрылғыларын сатып алу табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде тиісті бөлімшелердің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Жыл сайын елімізде бір мыңға жуық орман және дала өрттері, сондай-ақ төрт мыңға жуық табиғи өрт тіркеледі.