ТЖМ өңірлердегі су басу себептерін атады

ТЖМ су тасқынына не себеп болғанын айтып берді. Оған қардың уақытылы шығарылмауы, арық жүйелерінің жеткіліксіз тазалануы себеп болғаны хабарланды.

Үкімет: Қардың уақытылы шығарылмауы, арық жүйелерінің жеткіліксіз тазалануы себеп болды.

Бүгінгі таңда Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында күрделі жағдай қалыптасып отыр.

Қардың уақытылы шығарылмауы және арық пен канал жүйелерінің жеткіліксіз тазалануы өңірлердегі су тасқынына себеп болды. Үкіметте елімізде қалыптасқан су тасқыны жағдайы және оларды жою бойынша қабылданып жатқан шаралар қаралды, деп хабарлайды Премьер-министрдің сайты.

Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің айтуынша, бүгінгі таңда Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында күрделі жағдай қалыптасып отыр. Су тасқыны кезеңі басталғаннан бері Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Павлодар, Қарағанды облыстарының 8 елді мекенінде 184 тұрғын үй және 72 саяжай үйлері, 2 әлеуметтік нысан еріген қар суының астында қалды.

«ТЖМ мен жергілікті атқарушы органдардың күшімен Батыс Қазақстан, Павлодар, Ақтөбе және Қарағанды облыстарындағы 184 үйден, Ақтөбе қаласындағы 17 саяжай үйінен, сондай-ақ 2 әлеуметтік нысаннан су шығарылды. Су басқан 57 саяжай үйі бақылауда тұр. Бүгінде Қазақстан өңірлерінде 969 адам эвакуацияланды, олардың 493-і уақытша паналау пункттерінде, 476-сы туыстарының үйлеріне орналастырылды», — деп хабарлады Юрий Ильин.

ТЖМ басшысының айтуынша, Ақтөбе облысындағы республикалық маңызы бар жолдың бір учаскесін, облыстық және жергілікті маңызы бар 12 учаскені су басты, жергілікті маңызы бар автожолдардың 15 учаскесін су шайып кетті және Ақтөбе облысындағы бір көпір қирады.

Апаттық-құтқару жұмыстарына 2 мыңнан астам адам, 500 техника, су сорғыш құралдар мен жүзу құралдары жұмылдырылды.

Су тасқыны жағдайының күрделенуіне байланысты Батыс Қазақстан облысына Маңғыстау және Атырау облыстарынан ТЖМ қосымша құтқару бөлімшелері, жеке құрамнан 92 адам, 13 бірлік техника, жүзу құралдары мен мотопомпалар жіберілді.

Добавить комментарий