Нұр-Сұлтанда дауылды ескерту жариялануына байланысты Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері елорда тұрғындарына күрделі ауа райына дайын болу керек екенін ескертті.
Нұр-Сұлтан қалалық Төтенше жағдай департаменті, «Қазгидромет» РМК деректері бойынша 23 қазанда оңтүстік-батыстан екпінді жел күтілетінін хабарлайды.
«Дауылды желдер кезінде ең алдымен, тұрғын үйлердегі электржелілері мен жабдықтардың, жылыту пештерінің жай-күйін тексеру, ішкі және сыртқы өртке қарсы сумен жабдықтаудың, телефон байланысының дұрыстығын қамтамасыз ету, өртке қарсы құрал-саймандарды дайындау қажет. Пәтердегі электржелісі кернеуінің өзгеруінде барлық тұрмыстық электр құралдарын дереу тоқтан ажыратып, электр кенеттен қосылғанда өрт болмайтындай розеткадан тоқты суырып алыңыз. Және де жеке көлігіңізді ағаштар мен ескі құрылыс алаңдарынан алшақ қоюға, пәтеріңіздің немесе үйіңіздің терезесін тығыз жабуға ұсыныс береміз», — деп хабарлады Нұр Сұлтан қалалық ТЖД баспасөз қызметі.
Құрылыс объектілері қолайсыз ауа райы жағдайы әсерінен аумақтарды және тұрғындарды қорғау, құрылыс алаңдарында мүмкіндігінше құрылыс-монтаж жұмыстарына шектеу бойынша қосымша шараларды қабылдау қажет.
«Төтенше жағдай туындаған жағдайда «112» нөміріне қоңырау шалыңыз», — деп хабарлайды Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД баспасөз қызметі.