Қасым-Жомарт Тоқаев халықты жұмыспен қамту мәселесін шешу үшін субсидиялар жеткіліксіз екенін мәлімдеді.
Президенттің пікірінше, қосымша шаралар қажет.
«2025 жылға қарай 500-ге жуық индустриялық жобаны іске қосуды жоспарлап отырмыз. Үкімет аталған өндіріс орындарында жұмыс істейтін білікті кадрларды осы бастан дайындауы керек. Бүгінде мемлекет жұмыс берушілерге нақты қолдау көрсетіп отыр. Жұмыс орнында оқыту, «Ұрпақтар келісімшарты» және «Алғашқы жұмыс орны» сияқты жас мамандарға қолдау көрсету шаралары іске асырылуда. Мемлекет тарапынан тиісті субсидиялар қарастырылған. Дегенмен, әлі де жеткіліксіз. Үкімет «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып, жұмыспен қамтуды және қызметкерлердің біліктілігін арттыруды ынталандыруға бағытталған қосымша шараларды пысықтауы қажет», — деді Тоқаев сейсенбі күні «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлықтарының лауреаттарын марапаттау рәсімінде.
Өз сөзінде ол біздің еліміздегі отандық кәсіпкерлер мен Қазақстандағы халықаралық компаниялар әлеуметтік жауапкершілік қағидасын әрдайым берік ұстанатынын атап өтті.
«Атап айтқанда, олар пандемия кезінде денсаулық сақтау жүйесіне зор қолдау көрсетті. Бұдан бөлек, «Парыз» байқауына қатысушылардың әлеуметтік жобаларға және қайырымдылық шараларға 20 миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсағаны атап өтілді. Олар 7 мың жаңа жұмыс орнын ашқан.