Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Пенжімде болған жаппай төбелес, бұған дейін полиция қызметкерлері мәлімдегендей, ұлтаралық сипатта болмағанын айтты.
«Мектепте жай ғана төбелес болды. Бұған жол бермеу керек еді. Оқушылардың мектеп ішінде жүріп жарақат алуы – төтенше жағдай! Азаматтарымыздың наразылығық білдіргені орынды, оларды түсінуге болады. Одан кейін жастар арасында бұзақылыққа жол берілді. Бірақ мұндай жағдайдың алдын алуға болар еді. Дегенмен, әрекет болмады. Ақпараттық кеңістікте осы оқиға этносаралық сипат алды. Бұл жерде ешқандай да этносаралық жанжал болған жоқ! Алайда елімізге қарсы араңдатушылар мен қаскөйлер аталған оқиғаны басқа сипатта көрсетті», — деп мәлімдеді Тоқаев бейсенбі күні.
Оның айтуынша, «өкініштісі, құқық қорғау органдарының да, Президент Әкімшілігінің де тарапынан мұндай араңдатушыларға қатысты еш әрекет жасалмады».
«Біз шара қолдануымыз керек. Мұндай араңдатушылар еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне нұқсан келтіруде. Сондықтан осы оқиғадан дұрыс шешім шығаруымыз керек», — деп мәлімдеді Тоқаев.
Оқиғаның мән-жайы
Естеріңізге сала кетейік, 28 қазанға қараған түні Алматы облысы Пенжім ауылында жаппай төбелес шыққаны белгілі болды.
ПД ресми нұсқасы бойынша, 27 қазанда Пенжім ауылындағы мектепте дене жарақатын алған 16 жастағы жасөспірім Панфилов ауданының орталық ауруханасына түскен.
Тексеру барысында 9 және 10-сынып оқушылары сөзге келіп қалып, арты төбелеске ұласқаны анықталды. 28 қазан күні тәртіп сақшылары қақтығыс болғанын растады, алайда жергілікті билік қақтығыстың ұлтаралық сипатта болмағанын бірден жоққа шығарған, ал 3 қарашада ішкі істер министрлігі әкімшілік полиция комитетінің ювеналдық полиция және әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау басқармасының бастығы Әсет Оспанов Пенжімде «ұлты бойынша бөлінген 9-10 сынып оқушылары топ болып төбелескен» деп мәлімдеді.