Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында айтылған міндеттерді жүзеге асыру аясында құқық қорғау және сот жүйелерін реформалау мәселелері бойынша кеңес өткізгені белгілі.
Мемлекет басшысы атап өткендей, алдағы өзгерістердің басты мақсаты заң үстемдігін, әділдікті және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету болуы тиіс.
Кеңес барысында азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз етудің үш буынды моделін қалыптастыру және құқық қорғау және сот органдарының өкілеттіктерін ажырату мәселелеріне басты назар аударылды. Президент атап өткендей, бұл жүйе заңдылық пен әділеттілікті кепілдендірудің сенімді тетіктерін қалыптастыруға арналған.
Өз сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан жаңа жағдайдағы: іс-қимыл кезеңі» Жолдауының ережелерін іске асырудың негізгі бағыттарын атап өтіп, құқық қорғау органдарының басшыларына бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Кеңеске Президент Әкімшілігінің Басшысы Ерлан Қошанов, Президенттің көмекшісі — Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Әсет Исекешев, Премьер-министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов, Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тұғжанов, Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев, Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетов, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімов, Президенттің көмекшісі Ерлан Қарин, қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев, ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев қатысты.