Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин екі елдің шекарасы арқылы өтетін жүк тасымалдаушылардың мәселелеріне арнайы тоқталды.
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
«Қазақстан мен Ресей шекарасында 30 автокөлік бекеті бар. Оның тек бесеуі ғана бақылау-тексеру кешендерімен жабдықталған. Өкінішке қарай, олар сәт сайын істен шығып жатады. Бұл ретте Саратов, Орынбор, Челябинск, Курган, Тюмень және басқа да облыстармен шекарадағы өткізу бекеттері туралы айтып отырмын. Ресейдің Шекара қызметі аталған мәселені қамтамасыз ету үшін көліктердің жүк бөлімдерінде «технологиялық өту» сияқты жаңа талаптар енгізді. Сол тексеру аймағында жүргізушілерді жүктерін түсіруге мәжбүрлейді. Бұл көбінесе тауарлардың бұзылуына әкеп соқтырады. Осыдан кейін тасымалдаушылар көлігінің 2/3 бөлігіне ғана жүк тиеуге мәжбүр болады. Нәтижесінде көліктердің шығыны артып, тауар бағасы өседі», — деді Тоқаев Путинге бейсенбі күні Ресей мен Қазақстанның XVII өңіраралық ынтымақтастық форумының жалпы отырысында.
Мемлекет басшысы өткізу пункттерін коммерциялық транзит қауіпсіздігі мен жылдамдық мәселелерін шеше алатын заманауи тексеру кешендерімен жабдықтауды ұсынды.
Ресей президенті Владимир Путин форумда 2021 жылғы жеті айдың ішінде екі ел арасындағы тауар айналымы 34%-ға артқанын хабарлады. Сондай-ақ, ол Қазақстанға АЭС құрылысына және атом саласын қалыптастыруға көмек көрсетуді ұсынды. Бұдан басқа, Қазақстан мен Ресей 2023 жылға дейін шекара маңы ынтымақтастығы бағдарламасын дайындауда. Сонымен қатар, Путин «Бөкейорда» және «Эльтон көлі» кешендерінің экожүйелерін біріктіру идеясын қолдады.
Өз кезегінде Тоқаев Қазақстан соңғы 15 жылда Ресей аумағындағы ұйымдарға шамамен $4,5 млрд инвестиция салғанын айтты.