ТМД Атқарушы комитетінің басшысы Сергей Лебедев қандай жағдайда Украина ТМД құрамынан шығарылады деген сұраққа жауап берді.
Оның айтуынша, Украина билігі Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығынан (ТМД) шығу туралы өтініш білдірсе ғана, ел достастықтың құрамынан шығарылады.
«Украина қазір достастықтың көптеген жобаларына қатысуын тоқтатты — біздің форумдарымызға қатыспауда және ТМД аясында қол қойылған бірқатар келісімдерден шықты», — деп мәлімдеді Лебедев.
Атқарушы комитет басшысының айтуынша, ел әлі де достастықтың құрамында және кейбір іс-шараларға қатысуда. Бұл ретте Украина билігі 2013 жылы жарна төлеуден бас тартқан.
«Жарна төлемеу елдің ТМД құрамынан шығарылуына негіз бола алады, бірақ біз осылай болғанын қаламаймыз. Біз бұл мәселені ТМД аясында талқыладық — мүше елдер бұны құптамайтынын мәлімдеді», — деп атап өтті Лебедев.