Қазақстанда тіркелмеген Демпартия қоғамдық бірлестігінің жетекшісі — Жанболат Мамай айғақ беру үшін шақырылғанын айтты.
«Маған қатысты қылмыстық іс қозғалды. Жаңа ғана телефоныма «Сталиннен» хабарлама келді. «Сталин» деп отырғаным, whatsapp-тағы суреті ретінде Сталиннің фотосын іліп қойған тергеуші хат жіберді. Ертең, 15-желтоқсан сағат 15-00-ге Алматы полиция департаментіне тергеуге шақырып жатыр. 274-баптың 2-тармағы (көрінеу жалған ақпарат тарату) бойынша қылмыстық іс қозғалды», — деп хабарлады тіркелмеген Қазақстанның Демократиялық партиясының (ҚДП) жетекшісі сейсенбі күні әлеуметтік желідегі парақшасында.
Саясаткер мұны қазақстандықтарға несиелік амнистия жариялау қажет деген талабына тікелей байланысты екені сөзсіз деп отыр.
«Бірақ мен ашық айтамын: еш уақытта жалған мәлімет таратқан жоқпын, таратуым да мүмкін емес. Бірнеше рет Агенттік басшылығымен кездестік, халықты сол органға апардық. Соңғы күндері 10-шақты көліктің артымнан ілесіп жүргеніне, үйімді толық қоршауға алғанына қарағанда, ертең алаңға шығармас үшін қамауға алуы да мүмкін деп күдіктенемін. Мені 16 желтоқсанда алаңға жібермеу үшін билік бұл қадамға баруы мүмкін деп ойлаймын. «Жанболат Мамай неге қамалмайды?» деген кейбір азаматтар: соңғы күндері бұл менің үстімнен қозғалған екінші қылмыстық іс. Біріншісі жеңілдеу баппен қозғалса, қазіргі айыппен 3 жылға дейін қамалуым не бостандығым шектелуі мүмкін. Демократиялық партияға, жеке маған қысым осылайша күшейді. Билік барын салып, біздің аузымызды жауып, түрмеге қамау туралы шешім қабылдағанға ұқсайды», — деп қосты Мамай.
Естеріңізге сала кетейік, 9 желтоқсанда Алматыда Ұлттық банк пен ҚНРДА-ның Қазақстандық банкаралық есеп айырысу орталығының кеңсесі орналасқан ғимаратқа ондаған адам жиналған. Олар әлеуметтік желіден Қазақстанда несиеге рақымшылық жасала басталды деген хабарламалар таралғаннан кейін келген. Олар ғимарат алдына шатыр тіккен. ҚНРДА несиелік рақымшылық туралы ақпараттың жалған екенін мәлімдеді. 10 желтоқсанда полиция жалған ақпаратты тарату фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын мәлімдеді.