Ресейдің Ростов облысындағы Таганрог маңындағы Дарагановка хуторында белгісіз ұшқышсыз ұшу аппараты (ҰҰА) құлады. Салдарынан жеке меншік үйдің шатырына зақым келді.
Бұл туралы аймақ губернаторы Василий Голубев Telegram-арнасында жариялады.
Василий Голубев хабарлағандай, ұшқышсыз басқарылатын ұшақтың құлауы салдарынан жеке меншік үйдің шатыры мен автокөлікке зақым келтірілді. Аталған ақпарат бойынша, жедел медициналық жәрдем бригадасы оқиға орнына шықты, қазіргі уақытта зардап шеккендер тіркелген жоқ.
Сонымен қатар, аталған белгісіз ұшқышсыз ұшу аппаратының кімге тиесілі екені анықталмады.
Дереккөздің мәліметі бойынша, Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің мамандары оқиға орнында жұмысқа кірісті. Қосымша егжей-тегжейлі ақпарат тергеу амалдары жүргізілгеннен кейін және ҰҰА құлауына байланысты мән-жайлар анықталғаннан кейін жарияланады деп күтілуде.