Өрнек ауылында қызды өлтірген күдікті, полицейлерге қылмыстың ізін жасыру үшін мәйітті өртегенін мәлімдеді.
Қазіргі уақытта күдікті ҚР ҚІЖК 128-бабына сәйкес УҰИ-ге қамауға алынды.
«Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде екі тәулік ішінде кісі өлтіру ісі анықталды. Қылмыс жасады деген күдікпен аталған ауылдың 28 жастағы тұрғыны ұсталды. Бұрын ұрлық үшін сотталған күдікті, қазір еш жерде жұмыс істемейтін азамат мойынсұнып, қылмыстың мән-жайын толық баяндады «, — деді Алматы облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары полиция подполковнигі Данияр Меңдебаев.
Полицияның айтуынша, тұтқындалған адам 20 тамыз күні сағат 12.00 шамасында қызға себепсіз шабуыл жасап, оны тұншықтырып, ізінен құтылу үшін мәйітті өртеп жіберген.
Естеріңізге сала кетейік, жоғалған қыз 21 тамызда Алматы облысында өлі күйінде табылған. Содан кейін Алматы облыстық полиция департаментінде 1999 жылы туған қыздың денесі Еңбекшіқазақ ауданы Өрнек ауылының маңындағы даладан табылғанын айтты.
«Бір күн бұрын туыстары полицияға жергілікті тұрғынның жоғалғаны туралы өтініш берген болатын. Полицейлер іздестіру шараларын жүргізді. Қазіргі уақытта аталған факті Қылмыстық кодекстің 99-бабы, «Кісі өлтіру» 1-бөлімі бойынша ЕРДР тіркелген, сараптамалар тағайындалған. Сотқа дейінгі тергеу басталды «, — деп хабарлады Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.