ҚР Қаржы мониторингі агенттігінің (ҚМА) баспасөз қызметі LV Force қаржы пирамидасы еліміздің сегіз өңірінде жұмыс істегенін хабарлады.
Еске сала кетейік, бұған дейін Ақмола облысы бойынша ҚМА департаменті LV Force қаржы пирамидасын ұйымдастырушыларға қатысты қылмыстық істі тергеп жатқаны туралы хабарланған болатын. Қабылданған шаралардың нәтижесінде Шымкент, Алматы және Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қызылорда, Маңғыстау облыстарындағы филиалдары жабылды.
«Бүгінгі таңда еліміздің 8 өңірінде қаржы пирамидасының филиалдары жабылып, бас ұйымдастырушы ұсталды. Жаңа салымшылардың жарналары есебінен заңсыз байытудың қылмыстық схемасына азаматтар үгіт-насихат және мессенджерлер мен электрондық пошталар арқылы хабарламалар жіберу арқылы тартылған», — делінген хабарламада.
Алаяқтық схеманың басты ұйымдастырушысы екі айға қамауға алынды. Қаржы пирамидасына 2000-нан астам сеніп қалған азамат тартылған. Келтірілген шығын 450 млн теңгеден асты.
Агенттік азаматтарды абай болуға және қысқа мерзімде үстеме пайда алудың күмәнді ұсыныстарынан бас тартуға шақырады.
«Құрметті азаматтар! Егер Сіз немесе Сіздің жақындарыңыз «LV Force» қаржы пирамидасының қызметінен зардап шеккен болса, Ақмола облысы бойынша ЭТД телефонына хабарласуыңызды сұраймыз+7 7162 25 62 84, +7 747 666 25 37. Басқа аймақтардың тұрғындары тұрғылықты жері бойынша ҚМА аумақтық Экономикалық тергеп-тексеру департаменттеріне хабарласа алады», — делінген хабарламада.